«Жастық шақ көк семсердің жүзі емес пе…» атты республикалық жас ақындардың айтысы

«Жастық шақ көк семсердің жүзі емес пе…» атты республикалық жас ақындардың айтысы

Елордамыздың төрінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігіЕлбасының«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында  Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мен Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдық, Халел Досмұхамедұлының 135  жылдық, Әміре Қашаубайдың 130 жылдық, Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырған«Жастық шақ көк семсердің жүзі емес пе..» атты жас ақындардың республикалық жыр додасы өз мәресіне жетті.

Дүбірлі додамыздың шымылдығы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Сыдықов Ерлан Бәтташұлы мен Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Майра Тұрғанқызының әдемі тілегімен ашылды.Айтыс тізгінін  ұлағатты ұстаз, айтыскер ақын   Серікзат Дүйсенғазы  ұстап, мірдің оғындай сөзімен ақындарға шабыт беріп, көрерменнің де айтысқа деген махаббатын оята білді. Айтысқа қатысушы 12 ақынның жауапкершілікті сезініп, жоғары деңгейде дайындалғаны өздерін сахынада ұстауынан – ақ байқалып тұрды.Екі айналымда да көрерменнің көңілінен шыққан айтыстың жаңалығы Екібастұз қаласынан келген 7-ші сынып оқушысы Бексұлтан Қайдар болды.Ақындардың өнеріне айтыскер ақын Аманжол Әлтаев, Иранғайып Күзембаев, Мұхтар Ниязов, Талант Арғынғали, Алаштанушы Сағымбай Ботпайұлы,Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Майра Тұрғанқызы баға беріп, жас таланттардың талабына, шабыстарына риза болып, өнер жолындағы сапарларына сәттілік тіледі.

Бес сағатқа созылған  айтыстың бас жүлдесі (500 мың теңге) Қызылордалық Сырым Әділбекке, бірінші орын(300 мың теңге) Қарағандылық Нұрмұхаммед Байсүгірге, екінші орын (200 мың теңге) Екібастұздық Бексұлтан Қайдарға,  екінші орын (200 мың теңге) Ақтөбелік Әлихан Жақсылыққа, үшінші орын (100 мың теңге) Қызылордалық Бекжан Ержігітке, үшінші орын (100 мың теңге) Астаналық Абдрауф Оралға, үшінші орын (100 мың теңге) Түркістандық  Рысгүл Манарбекқызына  бұйырды.Айтыста ерекше өнерімен көзге түскенПавлодарлық Мәрес Байрон, Шымкенттік Аян Ниязбек, Алматылық  Жібек Шахмарданқызы,  Семейлік Айбек Жеңісқазин, Астаналық Бек Шымат арнайы жүлделермен марапатталды.

 

Синкретті өнерімізге сүйсінген жұрт арада қанша сағаттың зулап өткенін байқамай қалғандай.Оған себеп, ақындардың жалынды жырлары, бір-бірімен қағысулары, есті көрерменді ойландыратын керемет теңеулері, тапқырлықтары.Дарындарды қолдап келген көрермен, бойында ақындығы, батылдығы, батырлығы бар жастарды көріп, еліміздің ертеңіне, өнеріміздің өлмесіне, рухымыздың жоғалмасына мол сеніммен қайтты.Ақсүйек өнеріміздің беделін асқақтатқан, ізбасар інілеріне, қарындастарына үлгі болып жүрген, төрімізден табылған барша ақын ағаларымызға, ұстаздарымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.Дүбірлі жыр додасының өтуіне мұрындық болған, төл өнерімізді қолдаған Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Майра Тұрғанқызына, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетің ректоры Сыдықов Ерлан Бәтташұлына, Әлеуметтік және азаматтық даму жөніндегі департамент директоры Әлібек Серғазыұлына және филология факультетінің ұжымына  алғысымызды білдіреміз.Рухымызды оятатын, жан дүниемізді байытатын төл өнерімізді, дәстүрімізді дәріптесек, еліміздің еңсесі тік, жас ұрпақтың мұраты асыл болмақ.Көгімізді көк байрағымыз желбіреп, төрімізде төл өнеріміз салтанат құра берсін.Жасындай жарқыраған жас ақындардың сапары сәтті болсын!

0

Leave a Reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *