ЕҰУ-де қазақтың ұлттық «Тоғызқұмалақ» ойынының мобильді нұсқадағы тұсауы кесілді

ЕҰУ-де қазақтың ұлттық «Тоғызқұмалақ» ойынының мобильді нұсқадағы тұсауы кесілді

Бүгін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазақтың ұлттық «Тоғызқұмалақ» ойынының мобильді нұсқадағы тұсауы кесілді. Шараға Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықов, Қазақстан «Тоғызқұмалақ» Федерациясының президенті Әлихан Бәйменов, Тоғызқұмалақтан әлемнің үш дүркін жеңімпазы Серік Ақтаев және ЕҰУ ғалымдары мен факультет декандары қатысты.

Еуразия ұлттық университетінің ректоры бүгінгі шараның мән-маңызына тоқтала келіп, қазақтың ұлттық «Тоғызқұмалақ» ойынын (PlayMarket және AppStore) қол жетімді әрі мобильді нұсқада Ақпараттық технологиялар факультетінің студентері мен магистранттары (Мейірхан Есеев, Галы Махмуд, Лесбек Шағи, Нұрдәулет Рахымберді) әзірлегенін жеткізді. Сондай-ақ қазір Еуразия ұлттық университетінде қазақ халқының ұлттық мұрасын цифрландыру бойынша тыңғылықты жұмыстар жүргізіліп жатқанын, оның бір дәлелі «Көп деңгейлі ойындардың кросс-платформасын жасау» атты ғылыми-қолданбалы жоба екенін, өнертапқыш жастар қазір осы жоба шеңберінде М.Әуезовтың «Көксерек» шығармасы атауымен компьютерлік ойындар: асық ату жобасының тұжырымдамасын әзірлеп қойғанын тілге тиек етті.

Өз кезегінде сөз алған Қазақстан «Тоғызқұмалақ» Федерациясының президенті Әлихан Бәйменов бұл жағымды жаңалықтар Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы мен «Цифрлы Қазақстанда» баяндалған міндеттерді елімізде жүзеге асыруға ЕҰУ-дің қосқан сүбелі өнертабысы екенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ бүгінгі шараның «Күлтегін» атриумында өтуінің өзінде тарихи сабақтастық барын баса айтты. «Біздің ата-бабаларымыз бұл ойынды ерте кезден ойнаған, ал қол жетімді әрі мобильді нұсқадағы ойын ұлттық мәдени құндылықтардың танымалдығын арттыру үшін мультимедиялық платформа құрудың нақты қадамы» деді Әлихан Бәйменов.

Айта кеткен жөн, бұл ұлттық ойындарды цифрландырудың идеялық дем берушісі әрі авторы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов. Ал жобаның жетекшісі Ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Жанат Нұрбекова. Сондықтан болар, ҚР «Тоғызқұмалақ» Федерациясының президенті Әлихан Бәйменов салтанатты шара үстінде идеялық демберуші әрі авторы Ерлан Сыдықовқа «Тоғызқұмалақ» төсбелгісін табыс етті.

http://www.enu.kz/info/zhanalyktar/52604/

Leave a Reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *